Бұл туралы Өскеменде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев айтты.
«Абай облысы бөлініп шыққаннан кейін Шығыс Қазақстанда 367 мемлекеттік орган мен 3962 мемлекеттік қызметші қалды. Бүгінде аймақ бойынша мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргендердің 33%-ы ерлер, 67%-ы әйелдер. Президенттің мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу талаптарын жеңілдету тапсырмасын орындау аясында, жыл соңында салалық заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Атап айтсақ, кадр тапшылығы мәселесі бар ауылдық, аудандық деңгейлерде қызметке қабылдау жеңілдетілді. Мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер енді аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындалатын болады», - дейді ол.
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында былтыр 68 тексеру жүргізілген. Оның ішінде 59-ы жоспардан тыс тексеру, 9-ы профилактикалық бақылау.
«Тексерулердің нәтижесінде 459 бұзушылық анықталды. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 3 әкімшілік іс қозғалды», - дейді Нұрлан Еркебаев.