ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай қаласында Островский көшесіндегі жеке тұрғын үйде өрт шықты. Қызыл жалын үй шатырының ағаш құрылымдарына, кіреберісі мен моншаға жайылды.
«Өртті сөндіруге 3 техника мен жеке құрамнан 7 адам жұмылдырылды. Көп ұзамай 164 шаршы метр алаңдағы тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Үй иесінің азаматтық некедегі жұбайы денесін күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта жалынның шығу себебін мамандар анықтап жатыр», - делінген ақпаратта.
Жыл басынан бері өңір бойынша жеке тұрғын үйлерде 100-ден астам өрт болды. Олардың көбісінде - отты абайсыз қолданудан, электр құралдарын пайдалану және пешпен жылыту кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан өрт шыққан.