Шығыс Қазақстанда биыл 11 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылы 11 мектеп күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша білім ордаларының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Бүгінде облыста үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толықтай шешілді.

«Былтыр оқушылар орны тапшылығын шешу үшін Ұлан ауданында, Семей және Риддер қалаларында төрт мектеп салынған. Биыл 10 мектеп пайдалануға берілмек, оның ішінде алты ескірген ғимарат жаңартылады. Соңғы бір жылдың ішінде 1,1 млрд теңгеге жеті білім ордасында күрделі жөндеу, 1,2 млрд теңгеге 165 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектеп кітапханалары, асханалар, жиһаздар жаңартылған. Осы жылы 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр», - делінген ақпаратта.

Мектептерге 33 мың жаңа компьютер алынды. Осының нәтижесінде, 1 компьютерге шаққандағы оқушы саны 6-дан 3-ке дейін азайған.