ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әкімшілік полиция басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жол апаттарын азайту және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізуде.
«Көлік жолдары мен көшелерде жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор. Осы ретте, өңір бойынша жаңа жер үсті өткелдер салынуда. Жуықта Семей қаласында осындай өткел ашылды. Жаяу жүргіншілерге арналған өткел «Абай» атындағы мешіттің солтүстік жағында орналасқан», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бүгінгі таңда өңір аумағында 19 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның 9-ы жер үсті, 10-ы жерасты.
Осы жылы тағы 3 жер үсті өткел пайдалануға берілмек. Нақты айтқанда, Өскеменде – 2, Семейде – 1 өткел салынады.