Шығыс Қазақстанда биыл 384 шақырым жол жөнделеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылы 384 шақырым жол жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы өңір бойынша жол жөндеу жұмыстарына 25 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.

«Осы жылдың соңына дейін барлығы 85 жоба шеңберінде 384 шақырым жол жөнделеді. Сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар 242 шақырым жолды орташа жөндеуге 8 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Негізгі жол жөндеу жұмыстары Өскемен-Тарғын-Самар тасжолында, Сібе көлдері бағытында, Жаңа Бұқтырма ауылына кіреберісте, Зайсан-Шілікті, Ақжар-Шілікті бағыттарында жүргізіледі», - дейді басқарма басшысы Нұржан Жұмаділов.

Оның айтуынша, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын жалғастыруға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Қосымша 15 млрд теңге бөлуге бюджеттік өтінім берілді. Ал Күршім ауылындағы Діңгек каналы арқылы өтетін көпірді реконструкциялау жұмыстарын аяқтауға 17,6 миллион теңге жұмылдырылған.