ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар биылғы шомылу маусымын қорытындылады. Биыл өңір бойынша 2022 жылмен салыстырғанда суға батқандар саны 15%-ға азайған.
«Жаз айларында ТЖД қызметкерлері 14 адамды, оның ішінде 1 баланы судан құтқарды. Олар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, қауіпсіздік мақсатында өзен-көлдердің жағалауына 304 тыйым салу-ескерту белгісі мен 24 баннер орнатты», - делінген ақпаратта.
Құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер барлығы 4400-ден астам рейд жүргізді. Соның барысында түрлі ережелерді бұзған 126 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
«Биыл суға батқандардың негізгі себебі – шомылу кезінде өз күштерін асыра бағалаудан. Барлығы облыста 6 адам суға батты. Қайғылы оқиғалар түгелдей шомылуға жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Бұқтырма су қоймасында 3 адам, Зайсан көлінде 2 адам, Глубочанка өзенінде 1 адам суға батып кеткен», - делінген хабарламада.