Шығыс Қазақстанда биыл жер заңнамасын бұзудың 83 фактісі анықталды

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жер заңнамасын бұзудың 83 фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша биыл құрылыс мақсатындағы жерлерді ұзақ уақыт пайдаланбауға қатысты 36 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бұл туралы ШҚО Жер ресурстарын басқару департаменті хабарлап отыр.

«Жер заңнамасын бұзуға қатысты 83 факті анықталды. 1 жыл ішінде бұзушылықтарды жою туралы 36 нұсқама берілді. Нұсқама орындалмаған жағдайда ҚР Жер кодексiнiң 94-бабына сәйкес департамент меншiк иелерiнен жерді мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап-арыз жолдайды», - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар «Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ деректері негізінде ғарыш арқылы профилактикалық бақылау жүргізілуде. Бүгінде облыс аумағында жалпы ауданы 508,8 мың гектар жайылым мен егістік жер пайдаланылмай бос жатыр.

«Соған байланысты 2 755 жер пайдаланушыға жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды бір жылдың ішінде жою туралы нұсқау жолданды. Қазіргі уақытта пайдаланылмай бос жатқан 7,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған», - делінген мәліметте.