ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрттің негізгі себептері – қоқыс жағу мен отты абайсыз пайдалану. Ең үлкен аумақты шарпыған дала өрті Бесқарағай ауданында болды. Қызыл жалын 40 гектар шөпке жайылған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды. Ал Алтай ауданындағы демалыс базаларының маңында шыққан өрттің аумағы 30 гектарды құрады.
Сондай-ақ Өскемен мен Семей қалаларында, Күршім, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті және Ұлан аудандарында дала өртенген. Жалынның жалпы аумағы – 237 гектар.
«Өңірде күн ысып кеткендіктен шөпті өрт шалу қаупі артты. Көп жағдайда бұған тұрғындардың өздері кінәлі болып жатады. Көлік терезесінен лақтырылған темекі тұқылы мен бір ғана-ақ сіріңке алапат өртке әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін ескерткім келеді. Егер шөптің жанып жатқанын байқасаңыз бірден «101» нөміріне қоңырау шалуыңызды сұраймыз», - дейді ШҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Азамат Мұқашев.