Шығыс Қазақстанда екі ет өңдеу комбинаты салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында ет және ет өнімдерін өңдейтін екі комбинат салынады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 105% өсіммен 270 мың тонна ет өндірілді, бұл республикалық үлестің 15%. Нәтижесінде, Шығыс Қазақстан ел ішінде екінші орында тұр. Бұл туралы тұрғындар алдындағы есебінде өңір басшысы Даниал Ахметов айтты.

Облыстың экономикалық даму деңгейінің басым бағыттарының бірі - аграрлық сектор. Мәселен, экспорт әлеуетін арттыру үшін аймақ мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыруда. Ал етөндіру және өңдеу ісі өңір экспортын алдыңғы қатарға бастауы тиіс.

«Ең бастысы, бәсекелестікке бастар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, артықшылықтарды тиімді қолдану. Сондықтан жоғары сапалы дайын өнімдер нарығына шығу үшін «Евразия АгроХолдинг» ЖШС австралиялық компаниясымен тізе қосып, Аягөз ауданында ет өңдейтін комбинат салу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, біздің тараптан нысанға 468 млн теңгеге барлық қажетті инфрақұрылым жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», - деді ШҚО әкімі.  

Сондай-ақ аймақ басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгінде «АгроПортал» ЖШС ирандық компанияның қатысуымен Семейде ет өңдеу комбинатының құрылысы бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға дайын. Осы ретте өткен жылдың соңында ҚР ИДМ Инвестициялар комитеті мен «АгроПортал» ЖШС арасында инвестициялық келісімшартқа қол қойылғандығын атап өткен жөн.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда халықаралық стандарттар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптаудың бүкіл жиынтығын жүзеге асыратын зертхана ашылады. Аймақ басшысының айтуынша, «Қытайлық стандарттар бойынша сертификаттау - аспанасты елінің нарығына апаратын төте жол».

«Біз үшін Қытай нарығы маңызды. Қазіргі күні облыста қазақстандық өнімдерді қытайлық стандарт бойынша сертификаттау зертханасын құру жұмыстары жүргізілуде. Осы мәселе бойынша биыл қаңтарда Қытай Халық Республикасынан бір топ мамандар біздің облысқа келіп қайтты. Зертхананы орналастыратын ғимарат дайындалуда. Құны миллиардтан астам теңге болатын қондырғыны жеткізу жұмысын қазан айында бастаймыз», - деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, бұл зертхана елдегі бірегей орталық болмақ.