Шығыс Қазақстанға көлік құрастырумен айналысатын қытайлық GEELY компаниясының өкілдері келді. Олар ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапановпен және бейінді басқармалардың басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Қытай елінің кәсіпкерлері Қазақстанда электромобиль өндірісін шоғырландыру жоспарлары туралы айтып берді. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан басымдығы жоғары өңір ретінде саналып отыр.
«Қазақстанда өндірістің осы түрін инвестициялау бойынша жоспарымыз бар. Нарықты талдап, жан-жақты зерттеу жүргізіліп жатыр», - деді Zhejiang Geely New Energy Commercial Vehicle Development CO LTD аймақтық директоры Хуан Шин.
Компания өкілдерінің айтуынша, олар қазақстандық нарыққа жеңіл электр көліктерін ғана емес, жолаушылар автобустарын, квадрокоптерлерді және басқа да өнеркәсіптік техниканы ұсына алады.
«Біз өндірісті ШҚО-да шоғырландыру бойынша өзара ынтымақтастыққа мүдделіміз. Өңірімізде автомобиль жасау тәжірибесі мен барлық қажетті инфрақұрылым бар. Сонымен қатар географиялық жақындықты және салынып жатқан автожолды ескерсек, ынтымақтастықтың болашағы зор. Ауыл шаруашылығын, атап айтқанда өнімді тереңдетіп өңдеуді дамыту біз үшін маңызды. Бұл бағыт та зерттеуге тұрарлық», - деді облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.
Еске салсақ, осыған дейін қытайлық компанияның Абай облысында да электромобиль құрастыратын зауыт салуға ниетті екені хабарланған.