Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында қардың көп жаууына байланысты көшкін жүру қаупі сақталады.

«Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары құтқарушыларымен бірлесіп, «Алтай-Өскемен» тасжолының учаскесінде жасанды жолмен қар көшкінін түсірді.

«3 рет жарылыс жасалып, соның нәтижесінде 3860 текше метр қар түсірілген. Мұндай шаралар осы аймақта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет», - дейді «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.

Айта кетейік, қыс басынан бері облыста профилактикалық мақсатта барлығы 33 300 текше метр қар түсірілген.


Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі