Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары жүргізген мониторингтен кейін көшкін қаупі бар тау бөктерінде қардың мол жиналғаны белгілі болды.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Өскемен-Алтай» тасжолында жасанды жолмен қар түсіру жайлы шешім қабылданды. Тауда 2 жарылыс жасалып, соның нәтижесінде 2050 текше метр қар түсірілді. Қар жолды толықтай жауып қалды. Бірден қарды тазалау жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда барлығы қар көшкіні жүруі мүмкін 497 учаске бар, оның ішінде 325-інде қауіп жоғары.
Қыс басталғалы бері құтқарушылар қар көшкіні жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізуде.
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі