ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, алдын ала жасалған дауылды ескертуге қарамастан өңір тұрғындары алыс жолға шығуда.
Тарбағатай, Көкпекті және Алтай аудандарындағы жол учаскелерінде 30-дан астам автокөлік қарға батып қалған.
Құтқарушылар шұғыл көмекке аттанып, 64 адамды эвакуациялады.
«Ең қиын жағдай Алтай ауданында болған. Қар құрсауында қалған көліктерден 52 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Көкпекті ауданындағы Байбура учаскесінде құтқарушылар 3 автокөлікті қардан шығарды. Көліктерде 9 адам болған.
«Осы ретте өңір тұрғындарына дауылды ескерту жасалған кезде алыс сапарға шықпау қажеттігін ескертеміз. Жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отырған абзал. Егер жолда қиын жағдайға тап болсаңыз, дереу «112» нөміріне хабарласу қажет» делінген мәліметте.