Шығыс Қазақстанда карантин 17 қазанға дейін ұзартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеуі 17 қазанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңір бойынша карантин 17 қазанға дейін ұзартылды.

Шектеу шараларының мерзімі облыс аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.

Бүгінде CОVІD-19 жұқтырған науқастарды емдеуге арналған инфекциялық стационарлардағы төсек қорының толу деңгейі – 17,4%.

Облыс бойынша инфекцияның репродуктивтік R саны – 0,984.

Осы ретте ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықты карантин талаптары мен республикалық, облыстық бас мемлекеттік санитар дәрігерлердің қаулысындағы бүкіл шектеулерді сақтауға шақырады.