Шығыс Қазақстанда қайда барып балық аулауға болады
Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сүйенсек, әуесқой балықшылар бес келіге дейін балықты тегін аулауға құқылы. Ол үшін Ертіс өзеніне немесе Бұқтырма су қоймасына баруға болады.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен балық аулауға рұқсат етілген рекреациялық аймақтар бар. Бірақ онда да өзіңізбен бес келіден артық балықты әкете алмайсыз. Осындай аймаққа Зайсан және Сібе көлдері жатады. Яғни, бұл жерлерде ешқандай рұқсат құжаттарын рәсімдемей, жолдама алмай-ақ балық аулауға рұқсат етілген.
Су айдындарында өздеріне бекітілген учаскелері бар компаниялар да әуесқой балықшыларды қарсы алуға дайын. Оларға бару үшін жолдама сатып алу керек.
Сонымен қатар қармақ пен керек-жарақты өздері беретін, алаңсыз барып балық аулап қайтуыңызға бар мүмкіндікті жасайтын арнайы базалар да бар.
Мәселен, Өскемен қаласынан 34 шақырымдай жердегі Таулы Үлбі ауылындағы демалыс орнына апта сайын, жұма, сенбі және жексенбі күндері келуге болады. Көлік тұрағының ақысы – 1000 теңге. Төлем ауланған балықтың салмағына қарай есептеледі. Форельдің келісі – 4 500 теңге. Қармақты жалдау бағасы – 1000 теңге, балыққа жем – 800 теңге. Ал су жағасында үстелді жалға алу үшін екі сағатқа 2500 теңге төлейсіз.
Салыстырмалы түрде Ұлан ауданы Саратовка ауылының маңындағы балықшыларға арналған демалыс орнының бағаларына көз жүгіртіп көрелік. Мұнда көлік тұрағы тегін. Жұмыс күндері де ашық болады. Қармақты жалға алу үшін 1000 теңге төлейсіз.
Ал балықтың бағасына қатысты айтар болсақ, сазанның келісі 1000 теңге, бекіре – 5000 теңге, форель – 3500 теңге. Ішінде ыдыс-аяқ пен шәйнегі бар үй-жайды жалға алу бағасы тәулігіне 20 000-25 000 теңге.