ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 6 шілде күні Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасында болған.
«Құтқарушыларға демалыс базаларының бірінде су қоймасына қайықпен жүзуге кеткен екі адамның байланысқа шықпай, жоғалып кеткені туралы хабар түсті. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері дереу оларды іздеуге кірісті. Белгілі болғандай, демалушылар қарама-қарсы жағалауға қарай бағып алып, адасып кеткен. Құтқарушылар екеуін демалыс орнына жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмады», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, облыстық ТЖД қызметкерлері демалушыларға еске салады:
- жүзу құралдарымен жүрген кезде құтқару кеудешелерінің болуы міндетті.
- суға шықпас бұрын жүзу құралының жарамдылығын тексеріңіз;
- қайықты шамадан тыс жүктемеңіз;
- қозғалыс кезінде жүруге немесе қайықтың шетіне отыруға болмайды;
- балаларды жүзу құралдарында жалғыз қалдырмаңыз.