ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында автокөлік жүргізушісі рульге ие бола алмай техникалық қызмет көрсету станциясының ғимаратына соғылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 7 қаңтарда сағат 13:00 шамасында Алтай қаласында болған. Toyota көлігінің жүргізушісі Матросов көшесінде рульге ие бола алмай, техникалық қызмет көрсету станциясы ғимаратына соғылды. Сол кезде станция есігінің алдында 2 адам тұрған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алған азаматтар бірден медициналық мекемеге жеткізілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта Алтай қалалық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары бірқатар сараптама тағайындаған. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.