Шығыс Қазақстанда құс тұмауы тіркелді
ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бірнеше құс (қаз) өлімі 30 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Бесқарағай ауданының Баскөл ауылындағы төрт жеке шаруашылықта болған.
Ветеринарлық қызмет мамандары патологиялық материалдан сынамалар алып, Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринарлық зертханаға жеткізді. Зерттеу нәтижелері бойынша жоғары патогенді құс тұмауы анықталған.
«Өлген құстар арнайы белгіленген жерде өртеліп жойылды. Баскөл ауылдық округі әкімінің № 11 қаулысы шығып, 21 тәулікке карантин режимі енгізілді. Қаулыға сәйкес елді мекендерден шығуға, құс өнімдерін экспорттауға шектеу қойылды», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жалпы Бесқарағай ауданында 25800 құс тіркелсе, оның 1245-і Баскөл ауылында. Онда құстарға вакцина салынған.