Шығыс Қазақстанда өрт өршіп тұр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында демалыс күндері 7 өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 30 қазанда Аягөз ауданы Шәкенов көшесіндегі жер үйдің ауласында 2,7 тонна пішен өртенді. Алдын ала мәлімет бойынша жалынның шығуына – отты абайсыз қолдану себеп болған. Дәл осындай себеппен Зайсан ауданында 30 тонна пішен жанып кетті.

«Өскемендегі әл-Фараби көшесінде орналасқан монша өртенді. Тілсіз жаудың шығу себебі – пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау. Сондай-ақ Көкпекті ауданындағы жеке тұрғын үйде өрт болды. Жалпы ауданы 63 шаршы метрді құраған қызыл жалын жиһаз бен жеке заттарды шарпыған. Үй ішін барлау барысында құтқарушылар 1949 жылғы мүгедек адамды тауып, сыртқа алып шықты. Ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», - делінген ақпаратта.

31 қазанда Өскемендегі «Лесное» бау-бақша серіктестігінің аумағында саяжай отқа оранды. Бұдан бөлек, сол күні Көкпекті ауданында жеке тұрғын үйдің ауласында 70 тонна шөп өртенген. Тілсіз жаудың шығу себебі анықталуда.

«Шемонаиха қаласы Қазақстан көшесіндегі жер үйдің шатыры мен шаруашылық қора-жай жанды. Жалынның жалпы ауданы – 55 шаршы метрді құраған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – электр сымдарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болды», - делінген хабарламада.