Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай қаласындағы Бочарников көшесінде өрт шыққан. Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан 2 бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде жиһаздың ағаш құрылымдары мен жеке заттар жанды. Жалын шарпыған аумақ 7 шаршы метрді құраған.
«Өрттің салдарынан подъез іші мен көрші пәтерлерді көк түтін тұмшалады. Тұрғындар үйден өз бетінше шыға алмаған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары екінші қабаттағы пәтерлерден 4 адамға арнайы маска кигізіп құтқарып, сыртқа алып шықты. Содан кейін құтқарушылар екінші қабаттың терезесіндегі мысықты байқап, оны да аулаға шығарған», - делінген ақпаратта.
Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолданудан болуы мүмкін.