Шығыс Қазақстанда өткен демалыс күндері 5 өрт шықты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өткен демалыс күндері 5 өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Риддер қаласындағы Изобильная көшесінде орналасқан жеке тұрғын үй ауласындағы гаражда өрт болды.

Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен құтқарушылар жалпы ауданы 10 шаршы метрге жеткен қызыл жалынды сөндірді.

«Семей қаласында жер үйдің ағаш құрылымдары, төбе жабындысы, есік, жиһаз, және жеке заттар отқа оранған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – пеш орнату және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болды. Сондай-ақ Бесқарағай ауданында жеке тұрғын үй ауласында монша өртенген. Жалынның жалпы аумағы 12 шаршы метрді құрады», - делінген ақпаратта.

Риддер қаласында Горно-Алтайская көшесіндегі 2-қабатты көппәтерлі үйде өрт шықты.

Екінші қабаттағы пәтерде жатын бөлменің ағаш құрылымдары, жиһаз, тұрмыстық техника мен жеке заттар жанған.

Оттың шығуына электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себеп болуы ықтимал.

Бұдан бөлек, Өскеменде Гражданская көшесіндегі жер үйдің ауласында орналасқан монша өртенді. Тілсіз жаудың жалпы ауданы – 10 шаршы метрді құраған.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда тұрғын үй секторында 807 өрт болды.