ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ұлан ауданы Саратовка ауылындағы жеке тұрғын үйден өрт шықты. Оқиға орнына №38 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері шұғыл келіп жеткен.
«Куәгерлердің айтуынша, жанып жатқан үйге 72 жастағы қария кіріп кеткен. Ол ішке кірісімен газ баллондары жарылды. Құтқарушылар үйден 2 газ баллонын шығарып, жалынды ауыздықтауға кірісті. Сәлден соң үй иесінің мәйіті табылған. Өрттің шығу себебі - отты абайсыз қолданудан болуы мүмкін», - делінген ақпаратта.
Абай ауданы Қарауыл ауылында 2010 жылы шыққан «Нива Шевроле» маркалы автокөлігі жанды. Ол жер үйдің ауласында тұрған. 4 шаршы метр алаңдағы тілсіз жау толықтай өшірілді.
20 ақпанда Алтай қаласындағы Калининская көшесінде жеке тұрғын үйдің ауласындағы монша өртенген. Сондай-ақ Көкпекті ауданының орталығында дүкеннің шатыры отқа оранды.
«Үржар ауданындағы демалыс базасының аумағында моншадан өрт шықты. Қызыл жалын шарпыған жалпы аудан 210 шаршы метрді құраған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау болуы мүмкін», - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Алтай, Шемонаиха, Тарбағатай аудандарында өрт болды.