Шығыс Қазақстанда суға кеткендердің бәрі рұқсат етілмеген жағажайда шомылған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жаз басталғалы бері суға батқандардың барлығы рұқсат етілмеген жағажайда шомылып жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір құтқарушылары азаматтардың суға бату фактілеріне талдау жүргізді.

Маусым айынан бері аймақта 6 адам суға батып кеткен. Оның 5-еуі күшін асыра бағалау салдарынан мерт болды.

Бүкіл жазатайым оқиға шомылуға рұқсат етілмеген жағажайларда тіркелген.

«Жақсы жүзе алатын адамның өзі кенеттен инфаркт, инсульт алып, естен танып қалуы мүмкін. Осындай жағдайлар өте көп. Сондықтан тәуекелге барудың еш қажеті жоқ. Жаз бойы халыққа түбі зерттелмеген су айдындарында шомылуға болмайтынын ескертіп келеміз. Су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында 2900-ден астам рейд жүргізіп, 15000-нан астам адамға нұсқама бердік», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.

Оның айтуынша, отбасымен демалған кезде балаларға ерекше назар аудару керек. Оларды бір минутқа да көзден таса қылуға болмайды.

Құтқарушылар полиция қызметкерлерімен бірлесіп патрульдеу жүргізу кезінде өзен-көл жағалауында түрлі заңбұзушылықтарға жол берген 37 адамға ескерту жасап, 73 адамға айыппұл салды.