Шығыс Қазақстанда сүңгуірлер су айдындарының түбін тексеріп жатыр
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сүңгуірлер су айдындарының түбін тексеруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде сүңгуірлер су айдындарының түбін тексеруге кірісті.
Көбіне демалыс орындары мен балалар лагерьлері тексеріледі.
«Түбі тексерілген шомылу орындары, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталған жағажай – бұл демалыс кезінде ешкімнің зардап шекпейтінінің кепілі. Сондықтан да құтқарушылар шомылу орындарындағы тексеріс жұмыстарына өте мұқият қарайды. Сүңгуір-құтқарушылар су астына түскен кезде шомылушыларға қауіп төндіретін заттар тауып алып жатады. Атап айтқанда, шыны бөтелкелер, металл сынықтар, арматура және басқа да түрлі қалдықтар» - дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков. Оның айтуынша, суасты тексерулер тиісті актімен ресімделеді.
Демалыс базалары мен лагерь иелері шомылу орындарының нормаға сәйкестігін, уақтылы тексерілуін қадағалауы керек.
«Ол үшін олар бізге өтінім беруі тиіс. Содан кейін департаменттің кәсіби сүңгуірлері су айдындарының түбін тегін тексеріп береді», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар азаматтардан тек шомылуға рұқсат етілген жағажайларға ғана баруды сұрайды.
Ата-аналар балаларына қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, су жағасында жалғыз қалдырмауы тиіс.
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.