ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының Алтай ауданы Полянское ауылының маңында болған.
«Suzuki» автокөлігін тізгіндеп келе жатқан жүргізуші 20 жастағы жігітті қағып кеткен. Соның салдарынан ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жаяу жүргінші сол жерде көз жұмды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне (көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғуы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.