Шығыс Қазақстанда жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы күндері өңірде қалың қар жауып, қатты жел соғуына байланысты «Өскемен-Серебрянск-Алтай» тасжолының 58-65 шақырымында көшкін жүру қаупі арта түскен.

«Соған байланысты «Қазселденқорғау» ШҚОФ мамандары 4 рет жарылыс жасап, 2510 текше метр қар түсірілген. Осылайша, аса қауіпті учаске қардан тазартылды», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, өңірде қар көшкіні қаупі бар кезең басталғалы бері 25 рет көшкін түсіру жұмыстары жүргізіліп, 19860 текше метр қар түсірілген.