Шығыс Қазақстанда жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қар көшкінінің алдын алу шарасы бүгін «Өскемен-Самар» тасжолының учаскесінде жүргізілді.

«Қазселденқорғау» ШҚ филиалының қызметкерлері мен құтқарушылар бірлесіп, аталған тасжолдың 95-102 шақырымындағы тау бөктерінде жарылыс жасады. Соның нәтижесінде 1800 текше метр қар түсірілді. Қар жолды толықтай жауып қалды.

«Соңғы күндері облыста қар көп жауды. Осылайша, таулы жерлерде қар молынан жиналып қалған. Әлі де өңір бойынша қар көшкіні қаупі сақталуда. Жасанды жолмен қар көшкінін түсіру жұмыстарын жалғастырамыз», - деді «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.

Осы ретте, ТЖД қызметкерлері қар көшкіні қаупіне орай тұрғындарға барынша абай болуды, ешбір жағдайда тауға шықпау қажеттігін ескертті. Егер қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалыңыз.


Фото: ШҚО ТЖД