Шығыс Қазақстанда жаз басталғалы бері 6 адам суға кетті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жаз басталғалы бері 6 адам суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД дағдарыс орталығында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтың төрағалығымен кеңес өтті. Онда өңір халқын төтенше жағдайлардан қорғау мақсатындағы жұмыстың тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды.

Биыл департамент қызметкерлері 2420 оқиғаға жедел барған. Онда 117 адам құтқарылып, 211 адам эвакуацияланды және 133 зардап шеккен адамға көмек көрсетілді.

«Тұрғын үй секторындағы өртті азайту үшін ТЖД өкілдері күн сайын аулаларды аралап жатыр. Жыл басынан бері 106 мыңнан астам адам қамтылды. Бақылаудағы объектілерде өрттің алдын алу мақсатында 279 нысан тексерілді. Соның барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 1 659 фактісі анықталды», - делінген ақпаратта.

Өрттің алдын алу үшін 272 адамнан тұратын 46 бірлескен мобильді топ құрылған. Олар 535 рет рейдке шықты. Нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 55 адам жауапқа тартылды.

«Шомылу маусымы басталғалы бері құтқарушылар облыстың су айдындарында 1 738 рейд, халықпен 154 жиын және су жағасында 10 мыңнан астам демалушы қамтылған 18 акция өткізді. Бүгінгі күні полицейлермен бірлесіп патрульдеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесі бойынша 44 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан облыста жаз басталғалы бері 6 адам суға батып кетті, оның ішінде біреуі – бала. Барлық жағдай шомылуға тыйым салынған жерде болған.