ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Ақтоғай ауылында салынатын алғашқы жел электр стансасына ұлы ақынның аты беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайлы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шурманов мәлім етті.
«Жел электр стансасын қазақтың бас ақынының құрметіне «Абай 1» деп атауды жөн көрдік. Қазіргі уақытта нысан құрылысына қатысты бірқатар мәселелер шешілуде. Станцияны салатын компанияның тәжірибесі мол», - дейді ол.
Айта кетейік, бұл - ШҚО бойынша алғашқы жел электр станциясы болмақ.
Осыған дейін мұндай станцияларды Жарма және Ұлан аудандарында салу жоспарланған еді. Алайда белгілі бір себептермен іске аспай қалған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.