Шығыс Қазақстанда жер үйлердегі өрт азайды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл жер үйлерде өрт шығу оқиғалары біршама азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы Ақпарат орталығында өткен баспасөз брифингі барысында облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Рүстем Сембаев айтты.

«Өңір бойынша 238 110 үйдің тұрғындары пеш жағады. Оның ішінде 179 262 жеке тұрғын үй болса, 31 109-ы көппәтерлі үй. Тұрғын үй секторындағы өрт жалпы облыс аумағындағы өрттердің 60%-ынан астамын құрайды», - деді ол.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 950 өрт тіркелсе, оның 582-сі тұрғын үйлерде болған. Құтқарушылардың айтуынша, қызыл жалын шығуының негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану (249 оқиға), пеш орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу (160), электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін сақтамау (81). Биыл иіс тиген 10 адам көз жұмған.

«Осы жылы былтырғымен салыстырғанда тұрғын үйлердегі өрттердің саны 32,6%-ға төмендеді. Тілсіз жаудан мерт болғандар саны – 33. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға аз», - деді Рүстем Сембаев.