Шығыс Қазақстанда жоғалған 1 үйір жылқы иесіне қайтарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында полиция қызметкерлері жоғалған 1 үйір жылқыны иесіне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полицияға хабарласқан шаруа қожалығының 54 жастағы иесі 46 бас жылқысының ұрланғанын жеткізді. Жылқыларын бір аптадан астам уақыт бойы өз бетімен іздегенімен, одан еш нәтиже шықпаған.

«Тәртіп сақшылары дереу іздестіру жұмыстарына кірісті. Ұрылар малды айдап кетуі мүмкін деген жерлердің барлығы тексерілді. Нәтижесінде, жылқылар жоғалған жерден 20 шақырымдай қашықтықтан табылды. Белгілі болғандай, қараусыз қалған мал ұзаққа жайылып кеткен», - деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Өз кезегінде шаруа қожалық иесі жылқыларын тез арада тауып берген полицейлерге шынайы ризашылығын білдірді.