ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдің таулы жерлерінде бірнеше күн бойы көшкін жүру қаупі сақталып отыр.
«Сондықтан бүгін «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары қауіпсіздік мақсатында «Алтай-Путинцево» тасжолының 4 учаскесінде профилактикалық көшкін түсірді. Нәтижесінде, түскен қардың жалпы көлемі 790 текше метрді құраған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бүгінде күн сайын көшкін жүру қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізіліп жатыр.
Мамандар азаматтарға дауылды ескертулерге назар аударып, көшкін жүруі мүмкін таулы жерлерге бармау қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, қыс басталғалы бері өңір бойынша 112 мәрте жасанды жолмен қар көшкіні түсірілген.