Шығыс Қазақстанда жол қызметінің 34 басшысы жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 34 жол қызметінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары тұрақты түрде көшелер мен жолдардың көлік қозғалысы үшін қауіпсіз жағдайда болуын, қардан уақтылы тазалануын бақылап отырады.

«Қараша-желтоқсан айларында полицейлер жол қадағалау мамандарымен бірлесіп 200-ден астам тексеру жүргізді. Соның нәтижесі бойынша қыс кезінде жолды күтіп ұстау ережелерін орындамаған жол қызметтерінің 34 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Өскемен қаласында жолдарды абаттандырумен айналысатын 5 мердігерлік ұйым қар жауғаннан кейін өз міндеттерін дұрыс орындамаған», - делінген ақпаратта.

Аталған ұйым басшыларына кемшіліктерді жою бойынша тиісті нұсқама жіберілді.