Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 10-ға жуық адам қызылша жұқтырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 10-ға жуық адам қызылша ауруын жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір бойынша ауруханаларға қызылша ауруына шалдығу күдігімен 14 адам жүгінген. Оның ішінде 8 пациентте ауру тіркелсе, қалған науқастарда диагноз расталмады.

«Қызылшаның алғашқы жағдайы аймаққа Түркиядан әкелінді. 7 адам ауруды осы жерде жұқтырған. Қызылша диагнозы қойылған науқастардың 88%-ы вакцина алмаған. 8 науқастың екеуі ересек адам, қалған 6-ы 14 жасқа дейінгі бала», - дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Сләмғазина.

Өз сөзінде ол елімізде балаларға 1 жасында қызылшаға қарсы ККП вакцинасы салынатындығын, 6 жасында сол екпе қайта егілетіндігін жеткізді.

«Жоспарлы екпелерден басқа, 2023 жылы Қазақстан бойынша 1-ден 17 жасқа дейінгі балаларға қызылшаға қарсы иммундау науқаны басталды. ШҚО бойынша вакцинацияланбаған 1664 адам анықталды. Бүгінгі таңда олардың барлығы екпе алған», - дейді С.Сләмғазина.