Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 107 кәсіпкердің құқығы қорғалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жыл басынан бері 107 кәсіпкердің құқығын қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында арнайы жоба жүзеге асыруда. Бұл туралы бүгін облыстық Ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында департамент басшысы Денис Шакенов мәлім етті.

«Жобаның мақсаты – кәсіпкерлерге құжаттарды ресімдеу кезіндегі әкімшілік кедергілерден өтуге көмектесу, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету. Соның аясында жер немесе қандай да бір іске рұқсат алу, коммуникацияларға қосылу, мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнес өкілдері тап болатын мәселелерді шешумен айналысудамыз. Жыл басынан осы уақытқа дейін 107 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бизнес өкілдері өтініштері мен ұсыныстарын агенттіктің 1424 Call-орталығына жүгініп жеткізе алады», - дейді ол.

Мысалы, Алтай ауданында шаруа қожалық иелерінің жер учаскелерін жалдау мерзімін ұзарту туралы өтініші негізсіз жер комиссияларының қарауына жіберілген. Ал олар автоматты түрде ұзартылуы тиіс.

Департаменттің араласуымен 3 шаруа қожалығының жер учаскелерін пайдалану құқығы жер комиссиясының қарауынсыз 10 жылға ұзартылды.