ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жыл басынан бері 140-тан астам көлік өртенді. Соңғы өрт өткен демалыс күні Риддер қаласында болған.
2012 жылы шыққан «КамАЗ» жүк көлігін жүріп келе жатқанда жалын шарпыды. Қозғалтқыш бөлігіне, аспаптар панеліне, салонға жайылған тілсіз жаудың жалпы ауданы 4 шаршы метрді құраған. Алдын ала дерек бойынша өрттің шығуына – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару себеп болды.
«Көлік өрттерінің шамамен 90%-ы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан, автокөліктің электр жабдықтарының апаттық жағдайына байланысты шығады. Осы айдың өзінде облыста 15 көлік жанған. Сондықтан жүргізушілерді барынша абай болуға шақырамыз. Күн сайын көліктің барлық бөлігін, әсіресе қозғалтқышты мұқият тексеріп қарап шығу керек. Егер бір жерде май ағып кетсе немесе бензиннің қатты иісі сезілсе, онда қандай да бір ақау бар болуы мүмкін», - дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.