Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 23 бала жол апатынан зардап шекті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл жол апатынан 23 бала зардап шекті , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір жолдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр.

«Облыс бойынша жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 23 бала зардап шеккен. Жол апатына көлік жүргізушілерінің кінәсі себеп болды», - делінген ақпаратта.

Осындай оқыс жағдайлардың алдын алу үшін полицейлер «Жаз 2023: Біз қауіпсіз өмір үшін!» атты акция өткізді.

Оның барысында ата-аналар мен балаларға жадынамалар мен буклеттер таратылды. Акция адам көп жүретін саябақтарда ұйымдастырылған.

Сондай-ақ құқық қорғау органының қызметкерлері жыл сайын жаз таяғанда «Назар аударыңыз, балалар!» жедел алдын алу шарасын өткізеді.