Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 47 көлік өртенді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері 47 автокөлік өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір бойынша 47 көлік отқа оранған. Оның 40-ы жеңіл көлік, 7-і жүк көлігі.

«Мәселен, Өскеменде 29 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы аялдамада тұрған 2005 жылғы «Hyundai Tucson» маркалы автокөлік жанған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Жалпы ауданы 1,5 шаршы метрді құраған қызыл жалын қозғалтқыш бөлігінде шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі - қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, құтқарушылар көлік өртенуінің негізгі себептерін атады. Олар көлік механизмінің, жабдықтарының ақаулығы, электрмен жылыту құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да бірнеше ауыл халқының наразылығын туғызған шошқа фермасы тексерілетіндігін хабарлаған едік.