ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы салдарынан 41 рет пішен өртенді.
Барлығы 800 тоннадан астам пішен жанып кеткен.
«Соңғы өрт өткен түнде болды. Катонқарағай ауданы Алтынбел ауылындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан жеке тұрғын үй ауласында 29 тонна пішен отқа оранды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына шұғыл келіп жетті. Көп ұзамай қызыл жалын толықтай ауыздықталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Құтқарушылардың айтуынша, жем-шөп өте тез жанады. Тілсіз жау малға да тез тарап, тұрғындарға елеулі шығын келтіреді.
Сондықтан отты абайлап пайдаланып, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет.