Шығыс Қазақстандағы 4 ауданда автобекет ашылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауданда автобекет ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

«Қоғамдық көлік қатынасы аудандар арасын байланыстырып отыр. Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасына осы жылдың соңына дейін төрт ауданда автобекет ашуды тапсырдым. Бұл үшін оффтейк-келісімшарт негізінде салынған үйлер пайдаланылады. Осындай бір үйдің ауданы шамамен 200 шаршы метрді құрайды. Бұл жолаушыларға ауданаралық және өңіраралық бағыттарда қатынайтын автобустарды күтуге қолайлы жағдай жасау үшін жеткілікті», - деді ол.

Даниал Ахметовтың айтуынша, өңірде жолаушы тасымалы саласында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, Үржар ауданы мен Өскемен қаласындағы әуежайлар жөндеуден өткізілуде.

Сонымен қатар облыс әкімі өз сөзінде Өскемендегі қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесін енгізу бойынша жұмысты тездету қажеттігін атап өтті.