Балықтандыру шаралары Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен су қоймаларында жүргізілді. Бұл шаралар толықтай тоған иелерінің қаржысына жүргізілуде.
-Балық өңдеуші кәсіпорындар тоғандарда жұмыс істеуге рұқсат алғанда бірнеше талап қойылады. Соның бірі учаскені уақтылы балықтандырып отыруды көздейді. Соның аясында өзен-көлдерден балық аулайтын 6 серіктестік көктемгі балықтандыру шараларын өткізді. Ал күзде мемлекет қаржысы есебінен шабақ шашу науқаны ұйымдастырылады. Оған бюджеттен жыл сайын 8 млн теңге бөлініп келеді» - дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев.
Аталмыш серіктестіктер өзен-көлдерге жалпы жиыны 4,2 млн құртшабақ жіберген.
«Біз былтыр тендерді кеш ұттық та, балықтандыру шарасына қатысып үрлгермей қалғанбыз. Есесіне биыл екі жылдың нормасын орындап отырмыз. Ертістің Өскемен су қоймасына жататын бөлігіне 1,2 млн тонна шабақ жібердік. Статистика бойынша оның 15 пайызы аман-есен жетіледі. Оның өзі табиғат үшін елеулі көмек. Ақсақа шабағын Қостанайдан алдырдық. Болашақта өзімізде шабақ өсіретін цех ашсақ деген ой бар» - дейді «Гранд Фиш» ЖШС-нің басшысы Александр Соболев.