ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңір дәрігерлерін шетелдің жетекші клиникаларында онкология, кардиология және кардиохирургия, инсульт орталықтары, нейрохирургия, медициналық оңалту, акушерлік және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша оқиды. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 60 маман Израиль, Польша, Ресейдің жетекші клиникаларында біліктілік арттырып жатыр.
«Ауруларды бастапқы кезеңде анықтау үшін жыл басынан бері 449,4 мың адам скринингтен өттін. 220 телемедициналық консультация өткізілді. Семей қаласында Ядролық медицина орталығы пайдалануға берілді. Өскемендегі реанимация, маммология және гинекология, онкология және хирургия бөлімшелерінің операциялық блогы жаңғыртылды. Үржар ауданы Қабанбай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуда», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, өңір бойынша жеті медициналық және фельдшер-акушер пункттерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың басынан бастап емханаларда 6,7 миллион келуші тіркеліп, стационарларда емделгендер саны 193,8 мың адамға жеткен.