Мұндай шара Өскеменде облыстық ардагерлер кеңесінің ұйтқы болуымен тұңғыш рет өтіп отыр. Аудандар мен қалалардың іріктеу сайысынан сүрінбей өткен 22 батагөй қарт облыс орталығында бақ сынасты.
«Біздің облыста 105 ұлт, 20 конфессия өкілдері бейбіт өмір сүруде. 14 достық үйі, 123 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Призденттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, қазір біз жеті үлкен бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Археологияны дамыту, тарихты, мәдени мұраны оқытып, үйрету, халқымыздың бай дәстүрлерін сақтау қатарлы бірегей бағдарламалар қамтылған. Мұның ішінде әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейтін «Атамекен» жобасын айрықша атай кету орынды. Рухани жаңғыру барлық этностардың ұлттық мәдениеттері мен тілдерін сақтау, дәстүрлерін жаңғыртуға мол мүмкіндік берген бірегей халықтық жоба. Бүгінгі өткізіп отырған шарамыз соның дәлелі», - дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Байқауда бақ сынауға келген сайыскерлер құрамында айтыскер ақындар, ауданға абыройы асқан ақсақалдар, сондай-ақ өзге ұлт өкілдері де болды. Өскемендік Любовь Сергиенко есімді кейуана көпұлтты өңірдің берекесін паш етіп, тіл сындырғанын жұрт жылы қабылдады.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқысында ақсақалдар берілген арнайы тақырып бойынша өнер көрсетсе, екінші айналымда тәуелсіз Қазақстанға бата берді. Үшінші кезеңде еркін тақырыптағы баталардың тізгіні ағытылды.
Сайыс қорытындысы бойынша 100 мың теңгелік бас бәйгені үш айналымда да салиқалы сөзімен, мазмұнды тілегімен көзге түскен ұландық Рашитбек Мұхамеджанов еншіледі. Бірінші орынның жүлдесі жармалық батагөй Мұрат Жармұхаметтің қанжығасында кетсе, қос бірдей екінші орынды көкпектілік Шахан Тұрсынханов пен семейлік Қайымхан Бейсенбаев бөлісті. Жүлделі үш үшінші орынды Абай ауданынан келген Ақанғали Мақаев, аягөздік ақын Ақаш Көксегенов, тарбағатайлық Серік Бексайынов иеленді. Жүлдегерлерге де, қатысушыларға да ақшалай сыйлық берілді.