Шыққанына 3 жыл болмаған автомобильдерге төмендетілген кеден салығы салынады

None
АСТАНА.  3 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Үкіметі «2008 жылғы 9 шілдедегі № 675 «Автокөлік құралдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар»

Техникалық регламентін бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысына өзгерістер енгізу туралы» (2012 жылғы 30 шілдедегі № 1001) қаулы қабылдады. ҚР заңнамасын Кедендік Одақ аясында қабылданған нормативтік құжаттармен біріздендіруге бағытталған бұл қаулы Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңының 6-бабының 8-тармақшасындағы нормаларға сәйкес дайындалды.

Қабылданған қаулыға сәйкес, өндірістен шыққанына 3 жылдан кем емес уақыт өткен автомобильдерге сәйкестік сертификатын алу сертификациялаудың ұлттық органдарында төмендетілген кедендік салығы (0-5 пайыз) бойынша жүргізіледі. Бұдан бұрын мұндай жеңілдіктерге өндірістен шыққалы 1 жылдан кем болмайтын және жалпы жүрісі 10 мың шақырымға дейінгі автомобильдер ие болған  еді. Ал, бұл талаптарға сай келмейтін көліктер анағұрлым жоғары кедендік салық (25-30 пайыз) төлеу арқылы сатып алынатын.

Осылайша, аталмыш саладағы Қазақстанның заңнамасы Кедендік Одақ аясында қабылданған нормативтік құжаттармен сәйкестендірілді. КО Сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасы мен КО Бірыңғай кедендік тариф құжаттарында өндірістен шыққанына 3 жылдан кем емес уақыт өткен автомобильдер жаңа деп есептеліп, автобустар үшін шеттен әкелінетін кедендік салық мөлшерлемесі кедендік құнынан 0 пайыз, ал тартқыштар үшін 5 пайызды құрайтын болады.

Қаулының 2-тармағына сәйкес, бұл құжат алғашқы ресми жарияланымнан 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.