Шылым шегу өкпе рагы қаупін тудырады - Н.Балтабеков

АЛМАТЫ. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/- Елімізде 10 жылдан астам уақыт бойы өкпе рагының жеңіл түрі онкологиялық арулар арасындағы адам өлімінен бірінші орында келеді. Бұл жайында бүгін Алматы қалалық онкодиспансерінің Бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан Балтабеков Алматыда өтіп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.

2008 жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Қазақстан бойынша өкпе рагына жаңадан ұшыраған 3598 оқиғаны анықтаған, өкінішке орай олардың тең жартысы 59,3 пайызы ауырған уақыттан бергі бір жыл ішінде көз жұмған. «Бізде 70 пайыздан аса онкологиялық тыныс жолдары ауруының асқынған түрі тіркелуде, мұндай кезде ешқандай ем көмектеспейді. Сондықтан диагноз қойылған екі науқастың бірі жыл ішінде өмірден өтіп жатады», -дейді Н.Балтабеков.

Сонымен қатар мамандар алдын ала диагноз қойылып, ем қабылдайтын болса науқас сауғып кететіндігін айтуда.

Н.Балтабековтың айтуынша, күніне 1 қорап шылым шегушілердің өкпе рагына ұшырау қаупі 10 есе көп, ал екі қорап шылым шегетіндердікі 20 есе, сонымен қатар темекінің саны ғана емес оның мерзімі де үлкен рөл атқарады екен. Адам ерте кезден шылымға әуес болған сайын оның өкпе рагына ұшырау қаупі де жоғары болады екен.

«Еліміздегі жағдай 1992 жылға қарағанда аздап жақсарып қалды, өйткені ол кезде мұндай дертке шалдыққан 5300 оқиғаны анықтасақ, қазір бұл көрсеткіш 2980-ге жетіп отыр. Бұл еліміздің онкологтарының жемісті жұмыс атқарып жатқандығын көрсетеді. Біз жұмыс үрдісін жақсартып қана қоймай, шылым шегудің зиянды екендігін жұртшылыққа кеңінен түсіндіргіміз келеді», -дейді Н.Балтабеков.

Сондай-ақ мамандар соңғы кезде еліміз бойынша шылым шегуге еркектерге қарағанда нәзік жандылар әуес болып бара жатқандықтарын айтуда.