Шымбұлақта 500 текше метр қар түсірілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің аумағында 500 куб метр қар массасы түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің аумағында «Avalanheur» пневматикалық қондырғысы арқылы №26 Б «Талғар асуы» және №26 А «Қонус» қар көшкінін жинау учаскелерінде қар массасы түсірілді.

«Қазселденқорғау» ММ, «Қазгидромет» РМК профилактикалық жұмыстарды жүргізу нәтижесінде 500 текше метрден астам қар түсіріліп, шаңғы курортының демалушылы үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етілді.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Үлкен Алматы көлі мен Шымбұлаққа баратын автожолдар жабық.

Жалпы, Алматы өңірі бойынша 165 көшкін қаупі бар учаске бар, оның ішінде қала тұрғындары мен туристері үшін ең үлкен қауіпті «Медеу» , «Шымбұлақ» ТШК және Үлкен Алматы көлі ауданында орналасқан 18 учаске.

«Қазгидромет» РМК және «Қазселденқорғау» ММ бекеттері қар көшкіні жағдайына тұрақты мониторинг жүргізеді. Шұғыл шараларға «Қазселденқорғау» ММ алматылық филиалы базасында авариялық-механикаландырылған бригада құрылып, тұрақты дайындыққа келтірді.

Құтқарушылар осы уақытта таулы жерлерге бармауға, тік қарлы беткейлерден сақ болуға, тау шаңғысы курорттарындағы қоршаулардан тыс жерлерге шықпауға кеңес береді.

Айта кетейік, кеше Шымбұлақ аумағында қар көшкіні жүрген еді.


Видеодан алынған кадр