Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 4-ші департаментінің бастығы Әсет Чиндалиев мәлім етті.
«Құрылыс жоспары туралы ақпаратты біле тұра шенеуніктер жер телімдерін сатып жібереді. Оны кейін мемлекетке сатып алуға тура келеді. Мәселен, Шымкентте «Нұрсәт» жаңа шағынауданында Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы аясында баспана салынатын 283 гектар жер 2004 жылы сатып алынған. Бүкіл қала ол жерде әлеуметтік нысанның салынатынын білген. Дегенмен, қалалық әкімдік бұл жердің шамамен жартысын жеке тұлғаларға сатып жіберіп, барлық бастапқы құжаттарды қасақана жойған. Жер-кадастрлық іс жоқ, мәліметтердің электронды базасында қажетті мәліметтер жоқ. Қазір әкімдік бұл жерге әкімшілік-іскерлік орталық салғысы келеді, ал ол үшін жерді қайта сатып алу қажет. 4 учаскеге 146 миллион теңге төленген», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жерді қайта сатып алу Астана мен Алматыға қарағанда да қымбат бағаға түседі. Дәл осы ауданда бір учаске 21 млн. теңгеге сатып алынған. Алайда, ол жер жеке адамның емес, мемлекеттің меншігінде болған. Бірақ қалалық шенеуніктер жалған құжат жасаған.