Бұл жайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған жоба ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің бастамасымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ Шымкент қалалық филиалының белсенді қатысуымен іске қосылды.
Бұл қызмет бұрыштары халық көп шоғырланған жерлерде ұйымдастырылып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды цифрлық қолтаңбаны қажет етпейтін көп сұранысқа ие анықтамаларды алу кезінде ұзақ кезекті болдырмау мақсатында қызмет етеді.
«Аталған қызмет көрсету бұрыштарында ХҚКО арнайы мамандары бекітіліп, азаматтарға «Электронды үкімет» порталы және телеграм мобильдік қосымшасы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі мен олардың қолжетімділігі туралы насихаттық жұмыстар жүргізілуде», - деді департамент басшысы Әли Көмекбаев.
Бүгінгі күні электрондық үкімет порталы арқылы 500-ден астам электрондық қызмет қол жетімді.
Мұнан бөлек, Шымкенттің «Самал базары», «Бекжан базары», «Тұлпар автобөлшек базары» және «Авто-Нұр базары» сауда орындарында да өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын ашу жоспарлануда.