***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Тамшылатып суару- ауыл шаруашылығындағы үлкен белес» деген тақырыппен берілген мақала мемлекет басшысының Арыс қаласындағы «Жаңа Ақдала агрофирмасы» ЖШС-нің жылына бес мың тоннаға дейін томат сықпасын шығаратын зауытының ашылу салтанатына қатысып, кәсіпорын өнімдерімен танысқаны туралы жазды. «Біраз жыл дайындық жұмыстарын бастаған «Жаңа Ақдала» агрофирмасы ауылшаруашылық өнімдерін тамшылатып суару жүйесі бойынша өсірумен және қайта өңдеумен айналысады» - дейді басылым.
Аталмыш басылымның бүгінгі санында «Асыл аға» деген тақырыппен жазушы Мырзатай Жолдасбековтың қазақтың сыршыл ақыны Әбділда Тәжібаев туралы жазылған эссесі берілген.
Сондай -ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексі жарияланған.
***
«Оңтүстіктегі жанар-жағармай дөкейлерін ақылға, арға шақырамын деп әбден діңкелеген үкімет енді жазалау тетіктерін іске қосуға бел буды. Үкіметте өткен кешегі селекторлық кеңесте Премьер К.Мәсімов Бәсекелестікті қорғау агенттігіне Оңтүстік Қазақстан облысында жанар - жағармай бағасының негізсіз көтерілуіне кінәлілерді жазалауды қадап тапсырды», - деп жазған «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Шымкент дағдарысына» кім кінәлі?» деген сауалға құрылған мақала Оңтүстік Қазақстан облысындағы жанар-жағармай проблемасы туралы жазды.
Кеше таңғы сағат тоғыздар шамасында Алматыда салынып жатқан метроның «Тұлпар» стансасына жақын жерде, Абай мен Мұқанов көшелерінің қиылысатын тұсында жер астындағы шахтаның төбесі опырылып түскен. Бұл туралы толығырақ аталмыш басылымның бүгінгі санындағы «Метроның төбесі опырылып түсті» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
«Астана ақшамы» газетінде белгілі жазушы Рақымжан Отарбаевтың сұхбаты жарияланды. Жазушы бүгінгі әдебиеттегі кейіпкер болмысы, шығармалардағы ізгілік пен қатігездік көріністері, жалпы кітап және кітапхана мәселесі төңірегіндегі өз ойларын ортаға салған.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі саны «Арудай сыланған Астана» деген тақырыппен Астанада өткен сенбіліктегі тазалық шарасына назар аударған.
***
Алматыда салынып жатқан метроқұрылысының бір бөлігінде шахта төбесі құлап қалу оқиғасы «Литер», «Время» газеттерінің де назарынан тыс қалмаған.
«Время» газетінің жазуына қарағанда, метро құрылысының аталған бөлігінде 650 текше метрдей жер қыртысы ойылып қалған. Ал «Литер» «Алматыметроқұрылыс» АҚ басшылығына сілтей отырып, бұл апаттың себебі сол тұстағы жасыл желекті тұрақты суғарып тұрумен байланысты екендігін алға тартқан.
«Үкіметтің селекторлық кеңесінде мәлім болғанындай, коммуналдық қызмет үшін ақы төлеу мәселесі қатты ақсап жатыр», деп санайды «Экспресс К» газеті. Газеттің келтірген деректеріне қарағанда, тұтынушылар энергетиктерге жалпы сомасы 8,4 миллиард теңге қарыз. Бұл ретте, көрсетілген қызметке ақы төлемеушілердің басым бөлігі тұрғындар болып отырған көрінеді.
Электр энергиясы тақырыбын «Казахстанская правда» газеті де жалғастырады. Аталған газет селекторлық кеңесте баяндама жасаған Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың елдегі электр энегриясын өндіру мен тарату төңірегінде айтқандарына назар аударады. «Министрдің айтуынша, еліміз әзірге былтырғы жылмен салыстырғанда электр энергиясын 6,4 пайызға аз тұтынуда» дейді басылым.