Шымкент қаласын Дүниежүзілік «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізу керек - ғалым
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінде 26 елдің 100-ден астам ғалымы «Қазақстан жолы: Ұлт Көшбасшысымен бірге 25 жыл. Бейбітшілік пен жасампаздық» тақырыбын қаузады. Шараның мақсаты - Қазақстанның қалыптасу кезеңі мен өткен жолын өзгеге таныту. Жиынға қатысушылар мұнда арнайы көрмені тамашалады. Оған қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер мен құнды құжаттар қойылған. Кейін елдің өткенін зерттеп, зерделеп жүрген мамандар баяндама жасады. Оның барлығы Қазақ елінің ширек ғасырдағы жетістіктері мен ертедегі тіршілігін қамтиды.
Отандық ғалымдардың ордалы ойы біреу. Шымкентке тарихи қала мәртебесін алып беру. Бұл бағытта талай жыл зерттеу жұмыстарын жүргізген Бауыржан Байтанаев шаһар тарихының тым тереңде екенін жеткізді.
Ол қаланың 2000 жылдан астам шежіресі бар деп нақты айтты. Сондықтан, билік тарапынан қолдау болса, қажетті құжаттарды «ЮНЕСКО» ұйымына ұсыну ниетте бар. Конференция аясында шетелдік ғалымдар өңірдің тарихи жерлерімен таныстырылды.